Қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасала ма? Бүгін қос палатаның отырысынан соң журналистер осы сауалдың жауабын депутаттардан сұраған еді. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи, егер ол оқиғаның қалай болғанын халық алдына шығып, толық мәлімдесе, «Қанды Қаңтардың» басында кімдер тұрағынын ашып айтса, ол мүмкін деген жеке ойымен бөлісті.
ЕРМҰРАТ БӘПИ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Біріншіден, менің ойымша, мұны жан-жақты қарау керек. Ол қоғам алдында, билік алдында, сот органдарында осы қаңтардағы оқиғаның бүкіл тізбегін баяндауға ниет білдірсе, онда оған мейірімділік танытуға болатын шығар. Мәсімовтің бір өзі жалғыз ұйымдастырған жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, егер ол мұны қоғамға мәлімдесе, Қауіпсіздік кеңесінің сол кездегі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығын орындауға мәжбүр болса, оған жұмсақтық танытуға болады».
Сондай-ақ Дикий Арманның ісін тергеу неге созылып кетті, алғашқы сот отырысы қашан өтеді деген сауалға жауап берген Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы бұл істе жасырын тергеу әрекеттері, жедел іздестіру шаралары мен жауап алу, адвокат, прокурорлардың сөз сөйлеуі ұзаққа созылуда дейді. Нақты үкім қашан шығатыны белгісіз.