Атүсті жасалған істің олқылығы қанша жасырғанмен мен мұндалап тұрады. Көкшетау қаласындағы Зарап Темірбеков 2 а көшесінде орналасқан көп пәтерлі үйдің тұрғындары осы мәселеге тап болған. 2020 жылдың күз айында тапсырылған үйдің күні бүгінге дейін маңайы абаттандырылмаған, аулаға жарық тартылмаған. Осы сынды бірқатар қордаланған мәселелері бар тұрғындардың жан айқайы жайлы сюжетке назар аударсақ.
Тапсырылғанына төрт жылдың жүзі жаңа болған үйдің кіре берісіндегі қаптамалар опырылып түсіп жатыр. Кәріз жүйесінің де күйі мәз емес.Тұрғындар қоқысты тастау үшін де біршама жер жүруге мәжбүр. Ауланың дәл ортасына орнатылған трансформатор дүңгіршегін басқа жерге көшіру туралы жауапты қызмет өкілдеріне тұрғындар бірнеше мәрте өтініш айтқанымен, аяқсыз қалған.
НАЗЫМ ТӘБӘРӘК ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Үй жаңа болғанымен, маңайы адам шошырлық. 20 жыл қолданыста болған үйдің сиқына ұқсайды. Сыртқы қаптамасы түсіп жатыр, ауламыз да жоқ. Құрылыс краны салбырап тұр. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Аула мен оған жапсарлас аумақ заман талабына сай абаттандыру шарттарына сәйкес емес. Үйіміз әлі күнге тапсырылмаған. Жертөлеміз суға толып тұр».
Үйдің ауласынан көшеге шығудың өзі мұң. Жуырда кәріз-сорғы станциясының апаты салдарынан кәріз құдығы суға толып кеткен. Одан шыққан лай су тура Қопа көліне ағып жатыр. Үйлердің ауласы шағын көлшікке айналған.Жауын-шашын кезінде бұл жолмен жүру мүмкін емес. Бұл үйде балабақша, мектеп жасындағы балалар өте көп.
БЕРІК БЕКМАҒАМБЕТОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кәріз мәселесін шешу керек. аулаға жиналады. Жуырда ғана тұрғындар өз қаражатымызға құм төсеген едік. Одан да пайда болмай тұр. Су шайып кетті».
Мердігер ұйымның өкілдері көпқабатты үй жобаға сәйкес тапсырылды деп отыр. Ал нысанға ұдайы қызмет көрсету меншік иелері бірлестігінің міндеті. Ал Әбілқасымов көшесінің жолы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің қарауында.
ӘДІЛЕТ РАҚЫМЖАНОВ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бұл көшеге келсек, бірнеше рет қиыршық тас төселді. Бұдан бөлек, қазір осы маңда үй салып жатқан мердігер ұйым да қосымша осы жұмыстарды атқарды. Қазір судың кеткенін күтіп отырмыз. Одан соң тағы да жолға қиыршық тас төсейміз».
Қалалық құрылыс бөлімі Темірбеков пен Гагарин көшелерінің қиылысы ең қиын бөлік екенін айтып отыр. Жоба 2019 жылдан бастап іске қосылған. Мердігер ұйым Гагарин көшесінің бойында қосымша кәріз құбырының құрылысымен айналысып жатыр. Бұл ескірген инженерлік желілердің жүктемесін біршама жеңілдетпек. Содан соң жаяу жүргіншілер жолы, арықтар қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмыстардың барлығын мердігерлер осы айдың соңына дейін аяқтауы тиіс.