Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жобаларының бірі, өнертапқыш иесі Ақайдар Дайыров су электр станциясының жаңа түрін ойлап тапты. Патенттелген жоба Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ғалымдарының ғылыми-техникалық кеңесінде талқыланып, тәжірибеден өтті. Жоба Атбасар ауданына қарасты, Сергеевка ауылының су электр станциясында алғаш рет сыналған.
Солтүстік өңірдің тумасы Ақайдар Дайыровтың мамандығы құрылысшы. Жастайынан жаңа дүниені ойлап табуға, түрлі техника мен құрылғыны дамытып жетілдіруге құмар. Өзінің авторлық 4 жобасы бар. Соның бірі су электр станциясының жаңа түрі. Ол электр станцияларының табиғи ресурсынан алынып жатқан қуаттан кем дегенде 5 есе көп алуға болатынын дәлелдеген. Әзірге жоба тәжірибелік сынақтан өтуде.
АҚАЙДАР ДАЙЫРОВ ЖОБА АВТОРЫ
«Бүкіл әлемде мына, гидроэлектр станциялары кинетический энергия дейді, судың итеру күшімен жұмыс істейді. Ал енді мен ойлап тауып отырған күш, ол жердің тартылыс күші. Яғни, осы кинетикалық энергияны мен механикалық энергияға ауыстырып отырмын. Оның себебі, осы кинетикалық энергияның механикалық энергияға қарағанда пайдасы аз».
Адамзаттың энергетикалық қажеттілігі үздіксіз артып келеді. Ғаламшарда электр энергиясын өндіру және тұтыну орташа есеппен әрбір 10-15 жыл сайын 2 еселенеді. Бүгінгі таңда көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде де негізгі қуат көзі – көмір болып тұр. Ал оның қоры қопарылып алынған пайдалы қазбаның орнында. Жанған көмірден бөлінген газ бен шыққан қалдық биосфера қабатын ластауда.
АҚАЙДАР ДАЙЫРОВ, ЖОБА АВТОРЫ
«Дүние жүзі осы энергетикаға мұқтаж. Қазақстанның өзі міне атом энергия станциясын салғысы келіп жатыр. Қазір елде кем дегенде 5 есе энергия күші жетпейді. Біздің алып жатқан жарығымыз 70 пайыз көмірден алынады. Ал, ол экология үшін өте зиянды. Түбінде оны тоқтатып тастауы мүмкін. Сондықтан менің ұсынып отырған ұсынысым, бұл таза энергия. Су арқылы алынатын. Осы жұмысқа біздің мемлекет көңіл аударып, тиісті мамандар осыған қолдау білдіру керек деп ойлаймын. Бұл ғылыми заңдылықтарға негізделген».
Жоба 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне қабылданған. Дегенмен, сол уақыттан бері жоба әлі қолданысқа шығарылмаған. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген жоба өз қолдаушысын таппай тұр. Экономика саласына оң әсер ететін жүйе тиісті бағасын алмаған сияқты. Жоба авторы 70-ке аяқ басса да, әлі де еліме қызмет етіп, пайдам тисе деген ниетте.