"
Көлік жүргізушілеріне қатысты талап күшейеді. Енді куәлігі жоқ жол ережесін бұзғандар 7 жылға дейін құжат ала алмайды. Мопедке қатысты заң да қатаяды. Бұл механикалық көлік толыққанды көлікпен теңеседі. Бүгін мәжіліс осындай заң қабылдады. Айтпақшы, өңірлерден оралған депутаттар отырыста су тасқынын сынап, үкімет басшысына сауал жолдады.
Жүргізушілерге қатысты заң күшейеді. Талап қатаңдатылса да мас күйінде рөлге отыратындар тыйылмай тұр. Жыл сайын елімізде мас жүргізушілердің кесірінен шамамен 500 дей көлік апаты тіркеледі. Салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600 адам түрлі дене жарақатын алады. Бұдан былай мопед мінгендердің жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Оған қоса көлігін тіркеуі қажет болады. Бүгін депутаттар заңға енген осындай өзгерісті мақұлдады.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЯЛЕВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүгінгі таңда бұл көліктің ең қолжетімді түрлерінің бірі. Алайда оның санының артуы мопедтердің қатысуымен апаттарға әкеледі. Тек 2023 жылы 750 болды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп».
Депутаттар өңірлерден оралды. Олар су басқан аймақтарда іс-сапарда болып, жағдайды көзбен көріп келгеннен кейін ба, тым ашулы. Мемлекеттік органдардың жұмысын сынады.
ЕРЛАН САЙЫРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Ағайын, апат айтып келмейді. Дәл қазір еліміз – ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсеткенін атап өтті. Сондықтан бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды. Мысалы, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін, дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс».
Топан су табиғи апат емес, адами фактор деген депутаттар апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұрады. Оған қоса, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдету қажет екенін айтты.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Басқа салса баспақшыл,- деп атам қазақ айтқандай біздің елге тағы бір үлкен сынақтың келгенін бәріңіз білесіздер. Бір топ депутаттар бұл хабарды ести сала өңірлерге аттандық. Ондағы мақсатымыз халықтың жағдайын көзбен көріп, арыз-талабын өз аузынан естіп Үкіметке жеткізу еді.Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар екенін айтты. Дәлелмен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. “Бөренеден аттаймыз” деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса, жалғаса береді».
Айтпақшы, бүгін мәжіліс қабылдаған заңда жүргізуші куәлігін алмай тұрып, рөлге отырғандар 7 жылға дейін құжат ала алмайды. Бұған дейін олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала беретін-ді. Енді ондай майшелпек болмайды.