"
Айдың күннің аманында Маңғыстаудағы 50-ге жуық отбасы бір аптадан бері ішерге су таппай шөлден кеуіп отыр. Атамекен ауылындағы жұрт құрылыс мекемесі жер астына құбыр төсеу үшін су келіп тұрған желіні кесіп кетті дейді. Салдарынан көпшілік тіршілік нәріне зар болып отыр.
Көшеге құбыр жүргізу үшін қазу жұмыстары барысында техника ауыз судың құбырын кесіп кеткен. Салдарынан тұрғын үйге келетін су көшеге аққан. Мердігер мекеме өз жұмыстарына салғырт қарағандықтан ауыл тұрғындары бір аптадан бері ауыз сусыз отыр.
ЗАМИРА САРБАЕВА, АТАМЕКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мінеки дренаж қоямыз деп мына жолдың бәрін қазды. Ол дренаждың бізге не қатысы бар білмейміз. Бетіне шығып тұр қазған трубасының бәрі. Бір метр қылып қазған трубасының бәрі бетінде тұр. Оны не үшін 1 метр қылып қазды трубасы бетінде тұрса. Енді біз не істеуіміз керек. Судың тұрсы мынау. Енді суымыз жоқ бір апта болды сусыз отырмыз».
Құбыр төсеу жұмыстары жер асты суын көлге құю үшін жасалып жатқан шаруа. Бас- аяғы екі шақырымды құрайтын жұмысқа жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлінген.
ЕРЛАН ҚАЙНАРОВ, АТАМЕКЕН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: «Тапсырыс беруші ретінде, осы ауылдық округтың әкімі ретінде тұрғындармен кездесіп, мердігер мекеме мен тұрғындар арасында мен кепіл бола аламын әкім ретінде аптаның соңына дейін орын алған кемшіліктердің барлығы жойылып , мердігер компания тарапынан қалпына келтіру жұмыстары толықтай жүзеге асырылатын болады».
«Бүгін кешке, болмаса ертең максимум бүкіл мына үй жақтарға барып тұрған линия жалғанады. Сосын мына үйлерге су беріледі».
Мәселе көтерілген аумаққа мердігер мекеме өкілі мен ауыл әкімі де келді. Мердігер мекеме құбырды жүргізу жұмыстары аяқталған соң, көше жолдарын да ретке келтіріп береміз деп уәдесін берді. Уәде орындала ма, ол алдағы уақыттың еншісіндегі дүние.