Маңғыстауда онлайн саудаға қатысты 200-ден астам шағым тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне түскен. Осы мәселеге қатысты тұтынушылар нені білуі шарт, толығырақ тарқатсақ.
Өңір тұрғындарынан түскен 200-ден аса өтініштің 140-қа жуығы қанағаттандырылған. 50-ден астам шағым қаралу үстінде. Сапасыз өнім алып сан соғып қалмас үшін мамандарға құлақ асқан абзал.
НИКАР РАФИКОВА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ "ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ" ҚБ ТӨРАҒАСЫ: «Мәселен, есікке домофон қондырған кезде қызмет көрсетуші мекеме барлық ақпаратты беруі тиіс. Яғни, тұтынушылар осы мәселеге назар аударуы керек. Қазіргі таңда тұтынушылардың құқығын қорғау саласы еліміздегі ең күрделі бағыттардың бірі болып отыр. Сатушы мен сатып алушының арасында шиеленістерді шешуде қиындықтар болады».
Сапалы қызмет атқару үшін осы салада ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Қандай да бір оғаш жағдайға тап болсаңыз арыз шағым түсіруге толық құқығыңыз бар. Тауарыңыз талапқа сай болмаса, 43 14 34 нөміріне хабарласуға болады. Сауалыңызды тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен телеграм боттарына жолдай аласыздар.
РАУАН МҰХАЕВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: "Е-тұтынушы" платформасы бар. "Е-өтініш" платформасы бар. Соңғы кездері электрондық поштамызға көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз. Оған қоса сотқа шағымдану арқылы біз сотта 3-ші тұлға ретінде қатысып жатырмыз. Сол себепті біздің департаментке жүгінсеңіздер, міндетті түрде әкімшілік процесстік кодекстің аясында барлық арыздарды қараймыз».