Жас ұрпақтың, жалпы халықтың мәдениетін көтеру керек. 20 млн халқы бар елге ортақ құндылық қажет деген сенаторлар, елдік сананы оятып, тарихи жадына қайта қалпына келтіру керек деп санайды. Тіпті Қазақстан тарихы оқулығын қайта жазып шығу дұрыс болады деген пікірде. Сенаторлар ұсынған ұсыныс туралы толығырақ тілші бейнематериалында.
Тарихты дұрыс жазып, дұрыс оқыту керек. Бұрмаланған тарих ұлттың жауы болады деген сенатор Дархан Қыдырәлі мектептегі Қазақстан тарихы оқулығын қайта жазып шығу керек дейді. Депутаттың бұл ұсынысына биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарының аяталғаны себеп болған. Оқулық та осы еңбектің негізінде жазылуы керек дейді ол.
ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы да деректер енгізу керек. Мәселен 6-7 сыныпқа арналған оқулықта Моғолстан мемлекетіне 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі. Жоғары оқу орындарының бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізу маңызды».
Ал, депутат Нұртөре Жүсіп 20 млн халқы бар қазақ елінің ұлттық құндылығын дәріптеуді қайта жалғау керек, ол үшін Рухани жаңғыру, Мәдени мұра сынды бағдарламаларды жаңғыртқан дұрыс дейді. Депутаттың бұлайша дабыл қағуына мына оқиғалар себеп болған.
НҰРТӨРЕ ЖҮСІП ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Жаңа жыл қарсаңында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік? Ең алдымен – тәрбие. Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. «Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз? Тәрбиемен қатар қоғамның мәдениетін де жетілдіру керек».
Одан бөлек, сенат депутаттары солтүстік өңірді газбен қамтамасыз ету, алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру, отандық фарм компанияларды қолдау сынды мәселелерді көтерді. Бұл депутаттық сауалдардың қаншалықты жүзеге асатыны ол уақыттың еншісінде.