Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне өзі арнайы қатысқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен бүгінгі кездесуі бауырлас екі ел мен оның халықтары арасындағы өзара серіктестіктің одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамуда және стратегиялық әріптестіктің деңгейіне толық сай келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазақстанда Сізді Түрікменстанның көшбасшысы, заманымыздың көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан Сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес».