"

Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция аясындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесусты және ұйымның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгені қабылдады.Президент қонақтарға ілтипат білдіре отырып, еліміз ең маңызды ұйымның бірі саналатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық деңгейде нәтижелі қарым-қатынас жасап отырғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейін аталған саланы қалыпқа келтіру, халық денсаулығын сақтау ісіндегі негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға Қазақстанның белсенді түрде кіріскеніне назар аударды.

Бұл ретте Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан тиісті бастамаларға толық қолдау көрсетуге еліміздің дайын екенін нақтылады.Бұдан бөлек, кездесуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы ынтымақтастық, Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.