Музей үйіне 113 млн жыл бұрын Тетис мұхитында тіршілік еткен ихтиозаврдың қаңқасы қойылды. Олардың сүйектері мен тістері 2019 жылы Маңғыстау жерінен табылған болатын.
2019 жылы Маңғыстаудың Шетпе ауылы Сулы қапы жерінен табылған қаңқаларды негізінен 6 жарым метрлік етіп құрау жоспарда болған. Дегенмен, музей ішіне тек 1 метр 70 см көлемі тура келген. Оның өзіне мамандар жарты жылға жуық уақыт жұмсаған.
АЛИНА БИСЕМБАЕВА, ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУШІ: «Ихтиозаврды бірінші рет құрастырып шығардым. Көптеген деректерді ақтарып, шынайы тұрпатына ұқсатуға барымызды салдық. 45 қабырғасы болуы тиіс еді. Аздап өлшемін өзгертіп, 21 қабырғамен жасап шықтым. Аяқтарын құру қиынға соқты, сына берді. Металмен бекітуге тура келді».
Негізінен Маңғыстау бұрын Тетис мұхиты болған. Тарихқа сүйенсек, 100-113 млн жыл бұрын ихтиозаврлар суда тіршілік еткен. Мезозой заманынының дәуірі кезінде жаһандық жылыну орнап, салдарынан ихтиозаврлар жойылып кеткен. Ихтиозаврлардың дене ұзындығы 6-7 метр, көзі 20 см көлемінде, бас сүйегі бір метрден асса, аяқтары екі метрге жеткен. Олар өте жылдам әрі киттер секілді жүзе алатын болған деседі. Терісі қара-көкшіл, тістері өткір. Олардың қорегі: балық пен теңіз жәндігі.
САЛИМА ҮСЕНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ Ә.КЕКІЛБАЕВ АТЫНДАҒЫ МУЗЕЙДІҢ МАМАНЫ «Баласын құрсағында көтеріп дүниеге әкелетін жыртқыш жануар болған. Суда еркін жүзген. Бір ерекшелігі - балық сияқты желбезектерімен емес, өкпемен тыныс алған. Өкпесіне оттекті жинау үшін су бетіне қалқып шыққан».
КӨРКЕМ САЗДЫБАЙ, ӨҢІР ТҰРҒЫНЫ: «Маған өте ұнаған ихтиозаврлар өте қорқынышты көрінеді. Дауысын музыкамен қосқанда ғажап екен. Мультфильм, кинодан қарайтын едік. Өтірік шығар деп ойладық. Шын екен».
Сондай ақ, теңіз жыртқышының сүйектері бір айға жуық қазылған. Сипаттама беруге Ресейден мамандар арнайы шақыртылған.