Бұдан былай электронды темекі, вейп сатқандар мен оны өндіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бүгін Мәжіліс вейпке толық тиым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ депутаттар енді жастар денсаулығына зиян кальянды да қолдануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеу керек дейді. Мәжілісмендер көтерген өзекті мәселелер толығырақ алдағы бейнесюжетте.
Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Олардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі: сатқаны үшін 50 тәулікке дейін қамалады. Әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, қылмыстық топ құрып, аса iрi мөлшерде вейптерді таратса – 5 жылын темір торда өткізеді. Жаңа құжат бүгін мәжілісте қабылданып, сенатқа жолданды. Бұндай заң енді кальянға да қажет дейді депутаттар.
ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Алайда оған бақылау жүргізілмейді. Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізіп жатыр».
Одан бөлек, бүгін мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау туралы заңға енетін өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Жаңа құжатта дәрігерлерге арналған бірқатар оң өзгерістер бар. Мәселен, енді ақ халатты абзал жандардың балаларын балабақшаға орналастыруда арнайы жеңілдік болады. Ауылға барған дәрігерлерге 9 млн теңгеге жуық көтермеақы беріледі. Ал, жыл сайын өтетін конкурс «Үздік маман» жеңімпазына 1 млн 700 мыңнан аса сыйақы төленеді.
ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұдан басқа, медицина кадрларын ынталандыру және олардың тапшылығын қысқарту үшін ауылға жұмыс істеу үшін келетін медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыру жөніндегі нормалар қабылданды».
Одан бөлек, мәжіліс депутаттары мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту, қаржы нарығын реттеу сынды проблемаларды ашық көтеріп үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Ал, депутат Бақытжан Базарбек кешегі зілзалада халықты ақпараттандырмаған ресми органдардың жұмысын сынап, жер сілкінісіне дайындықты қатаң тексеруді ұсынды.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзынсонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?!»
Осылай деген депутат апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптастыру керек деді. Ол үшін дереу халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әр адамды сауаттындару керек дейді.