Мәжіліс қарыз алушыларға қатысты заңға Сенат енгізген түзетумен келісті. Сонымен енді несие алатындардың құқығы заңмен қорғалатын болды.Төменгі палатадағы маңызды мәселелерге назар аударсақ.
Енді жаңа құжатқа сәйкес әскери қызметшілер мерзімді қызметтерін өткергеннен кейін 60 күнге банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдері кейінге қалдырылады. Несие алатындардың құқығы толығымен заңмен қорғалады. Мәжіліс депутаттары Сенат енгізен осы толықтырумен толық келісті.
БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Осы айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуге болады деп есептейді».
Депутаттар әдеттегідей белсенді. Бұл жолы Нартай Аралбайұлы медицинаның мүшкіл хәлін сынады. Ол аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп халық қорқады. Еліміздің басты құндылығы ол халық десек, медицина қызметкерлері ең озық медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық ресурспен қамтамасыз етілуі керек емесе пе? Ендеше, түйтікілді мәселе тез арада шешімін табу керек дейді.
НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
"Қатты қыстан мал қалса — олжа, Қатты аурудан жан қалса — олжа" дейді. Ол олжа оңайлықпен оралмайды. Оның үстіне ауылдағы медицинасы тұрмақ, қаладағы медицинасы шатқаяқтап шайқалып тұрған Қазақстанның ахуалы айтпаса да түсінікті. Оған көз жеткізу үшін орталық мемлекеттік органдардың орағытып беретін есебін емес, қатардағы қарапайым қараша халықтың пікірін тыңдап көз жеткізуге болады. Бүгін медицинадағы тағы бір сұмдықты сөз етпекпін. Себебі біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек екен. Сөз санавиация туралы. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады енді қарапайым ел».
Бір топ депутат Алматы облысында арнайы Алатау қаласы құрылғанын тілге тиек етті. Әрине бұл өңір халқы үшін жақсы қолдау. Дегенмен, аталған аймақта инфрақұрылым мәселесі әлі де шешімін таппаған. Ел жарыққа жарымай отыр. Жер үй алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300 мың мен 500 мың теңге арасында ақша төлеуге мәжбүр. Осы мәселені шешуді үкімет басшысынан сұрады. Алайда, маңызды мәселені депутаттар қанша көтерсе де, одан мардымды жауап ала алмай отырған көрінеді.
ҚАЗЫБЕК ИСА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Үкіметтен келіп жатқан жауаптың сапасы қандай? Үнемі жауаптары шала болып келеді. Мен не деймін, домбырам не дейді. Кейбір жауапты оқу үшін алдын-ала қан қысымыңызды өлшеп алып, қалыпқа түсіретін дәрі ішіп алып барып оқымасаңыз, қиын болады. Үш жыл бұрын үкімет басшысы мемлекеттік тілді қолдану аясы 93 пайыз болады дегенде бақыттан басымыз айналып еді. Премьерге шала жауап деп екінші рет сауал жолдадық».
Аталған мәселе қашан шешімін табады, ол жағы беймәлім.