Нүкенова Бишімбаевтың қандай адам екенін құрбысына ашық жазған
Елордада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен сотқа тартылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі жалғасуда. Бұл жолы сот залына Салтанат Нүкенованың құрбысы шақырылды. Онда мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова смс-хабарламаларды оқып берді. Куәгер ретінде шақырылған Аида Ахмединаның телефонындағы жазбалар адам шошырлық. Онда Салтанат Нүкенова күйеуінің күндіз-түні бақылауына алғанын, ұрып-соғатынын ашық жазған.
АЙЖАН АЙМАҒАНОВА, ПРОКУРОР: «19 сәуір, түнгі сағат 02-00-дегі жазба. Маған адвокат керек. Ол менің заттарымды берер емес. Маған әкеммен бе, әлде ағаммен бе келіп бәрін алып кету керек. Мен саған сенемін. Кез келген жағдайға дайын жүруім тиіс. Мен шаршадым. Ол менің әр қадамымды бақылауында ұстап отыр. Айтқанына қарсы шықсам бірден ашуланып, ұрыс шығарады. Алматыда болғанда ол менің шашымды жұлып, айғай шығарды. Маниак сияқты сезімін білдіреді. Бұл махаббат емес қой.»
Куәгердің телефонында жазбалар қатары мұнымен бітпейді. Сонымен қатар Салтанаттың құрбысына Бишімбаевтан құтылғысы, яғни, кеткісі келетіні қайта-қайта айтылған. Тіпті ол өзін тыр жалаңаш видеоға сақтық үшін түсіріп алғанын да жазады.
Сот барысында, сондай-ақ, Нүкенованың көмекшісі Анар Тасова да куәгер ретінде шақырылды. Ол да сот залында Салтанаттың денесінен көгерген іздерді байқағанын айтып берді.