Орал қаласында «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғындары жатақхананың шатырына шығып алып, наразылық білдірді. Олар мекеме ғимаратын жөндеуге байланысты өздерін басқа орынға көшірмек болған басшылық шешіміне қарсы болып, төбеден секіріп өлеміз деп қорқытты. «Шаңырақ» жетім балалар үйі түлектеріне арналған мекеме. Бұл жерде азаматтар мемлекеттен өз кезегі бойынша баспана алғанша пана тапқан. Тұрғындардың айтуынша, екі күн бұрын оларға ғимаратта күрделі жөндеу болатыны, сондықтан балалар лагерінің аумағына көшіп, уақытша қоныстану туралы хабарланған. Тақырыпты арна тілшісі тарқатсын.
«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде өз баспанасы жоқ жетім балалар үйінің бұрынғы түлектері тұрады және олар жылдар бойы мемлекеттен пәтер алу үшін кезек күтіп жүр. Көбісі отбасын құрып, жылжымайтын мүлікті өз бетінше сатып алып, бөлек шыққан. Ал кейбірі пәтер жалдап, мемлекетке салмақ салмай, өз күнін өзі көріп жүргендер де бар. Бірақ "Шаңырақта" тұратындар саны азаяр емес. Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері алдағы күрделі жөндеу туралы биыл көктемде біліпті. Жөндеу сәуір айына жоспарланған болатын, бірақ белгілі себептерге байланысты жұмыс уақытында басталмаған. Мекеме басшылығы қоныс аударудың уақытша екенін мәлімдесе де, жетімдер жөндеуден кейін жатақханаға қайта орала алмай қаламыз деп қорқады. Сондықтан олар наразылық ретінде жатақхананың шатырына шығып алып, секіруге әрекет жасады.
АНТОНИНА КУЗНЕЦОВА «ШАҢЫРАҚ» ЖАСӨСІПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
Олар бізге қайтып оралатынымызды растайтын ешқандай құжат берген жоқ. Қайтып орала алатынымызға сенбеймін, ал бізде баратын ешқандай баспана жоқ, әрқайсысымыздың отбасымыз бар. Әкімдікке қанша жүгінсекте, мемлекет бізге пәтер берген жоқ. ))
"Шаңырақ" жасөспірімдер үйі Орал қаласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда отбасылық үлгідегі балалар ауылы түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар тұрады. Бүгінде осы ғимаратты балалар үйінің 67 бұрынғы тәрбиеленушісі мекен еткен. Оның 23-і отбасылы адамдар, 17-сі жалғызбасты ана. Көпшілігі 30-40 жастан асқан. Алайда олар ұзақ уақыт бойы жасөспірімдер үйін паналауға мәжбүр болды. Себебі заңға сәйкес тұрғын үй мемлекеттен оларға әлі берілмеген.
ӨМІРБАЙ ҚАЛЫМБЕТОВ «ШАҢЫРАҚ» ЖАСӨСІПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары 4 айға жоспарланған. Бұған бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Жөндеуден кейін "Шаңырақ" тәрбиеленушілерін жылы орындарына қайта қабылдаймыз, - деп сендірді Жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетов.