"
Оралда тоқ соғып көз жұмған баланың өліміне қатысты кінәлілер жауапқа тартылады. Ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген жасөспірім жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Алайда денесінің 95 пайызын күйік шалғандықтан, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қайғылы жағдай осы тұрғын үйдің сырт жағында болған. Футбол алаңында ойнап жүрген балалардың добы қосалқы электр стансасының төбесіне түсіп кеткен. Сол сәтте үйінен қоқыс тастауға шыққан бала оларға көмектеспек болып, ғимараттың шатырына көтерілген. Допты алған соң, төмен түспек болғанда аяғы сымға ілініп, тоқ соққан. Жасөспірім станция төбесіне мына терезе арқылы шыққан. Бірақ түсерде басқа жақтағы, электр шамы бар қабырғаға түсіп кетпек болып, 10 мың вольт кернеулі токқа түскен. Куәгерлердің айтуынша, дәл сол сәтте жарық өшкен. Жазатайым оқиға болған жерге тұрғындар ойыншықтар мен гүл шоқтарын қойып жатыр. Кешкі сағат 19:30 шамасында бала ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оған «төртінші дәрежелі күйік» диагнозы қойылған. Тоқ бүкіл денесінен өтіп, ішкі органдарын зақымдаған. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасағанымен, баланың өмірін аман алып қалу мүмкін болмады. Қайғыдан қан жұтқан ана кінәлілердің әділ жазалануын талап етуде.
ТҰРСЫНГҮЛ БИСЕКЕНОВА БАЛАНЫҢ АНАСЫ
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Арнайы сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.