Орал қаласының тұрғыны Сақыпжамал Дүйсалиева дәрігерлердің салғырттығынан қызының болашағына балта шабылғанын айтып, редакциямызға хабарласты. Ананың айтуынша, 32 жастағы қызына түсік жасау кезінде ақ халатты жандар алғашқы көмек көрсеткен. Ем-шараның дұрыс жасалмауы салдарынан енді ол сәби сүйе алмайды. Ашынған ананың жан-айқайын түсіру тобы тыңдап қайтты. 

Биыл Айгерім Дүйсалиеваға 15 жылдан кейін ана болу мүмкіндігі туған. Жасанды ұрықтандыру тәсілі арқылы жатырына жан бітіп, жүктілігі ойдағыдай басталған. «Бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады»,- дейді анасы Сақыпжамал Дүйсалиева. Жүктіліктің 3-ші айында Айгерім өзін жайсыз сезініп, қансырап, шақыртуға келген жедел жәрдем бригадасы жеке клиниканың мамандарына табыстаған. Бұл әрекет бірнеше мәрте қайталанған. Науқастың дене қызуы түспей, нашарлай бастағанда барып анасы алғашқы медициналық көмектің дұрыс жасалмағанын байқаған. Бүгінде Айгерім ана болу бақытынан біржола айырылып қана қоймай, обыр дертімен күресуде. Асқынған дерт өкпені де зақымдаған. Амалы таусылған отбасы Корея, Түркия мемлекетінің онколог дәрігерлерінен кеңес алған. Шетелдік мамандар сәтсіз ота жасалғанын айтқан.

САҚЫПЖАМАЛ ДҮЙСАЛИЕВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Сақыпжамал Дүйсалиеваның әділдік іздеп, тиісті органдардың табалдырығын тоздырғанына бірнеше айдың жүзі болған. Қызының жанына араша болудың орнына болашағына балта шапқан дәрігерлер жазаланып, материалдық-моральдық шығын өтелуі тиіс екенін айтады.

САҚЫПЖАМАЛ ДҮЙСАЛИЕВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Сақыпжамал Дүйсалиеваның арызы ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментіне жолданғанын мәлімдеді. Өз кезегінде департамент өкілдері биыл тұрғындардан келген талап-арыздар санының артуына байланысты өтініш қаралып жатқанын айтты. Облыста медициналық ұйымдардың қызметі және мамандар жұмысымен байланысты 370 арыз түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 70 арызға көп. «Арыз иесіне желтоқсанның ортасында жауап қайтарамыз» деді департамент басшысының орынбасары.

НАРИМАН НИЯРОВ ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Айгерімге ем-дом жүргізген жеке клиника дәрігерлері оның өмірі қыл үстінде болғанын айтады. Жүктілік кезінде пайда болған хорионэпителиома дертінің асқынуына байланысты жатыр алынып тасталған. "Ота жасалмаған жағдайда, қан тоқтамай, науқастың беті бері қарамас еді" дейді. Баласы үшін шырылдап жүрген ана жауапты органдардың әділ шешім шығаратынына күмәнмен қарайды. Амалсыз жыл аяғына дейін мамандардың шешімін күтуге мәжбүр. Айгерім Дүйсалиева денсаулығына байланысты түсірілім тобымен сұхбаттасудан бас тартты.