Орал қаласының тұрғындары көпқабатты үйге қызмет көрсететін мекеме жұмысына наразы. Үй иелерінің айтуынша, пәтер иелері кооперативі жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмайды. Ал бірақ ақша жинауға келгенде алдарына жан салмайды. Сондықтан халықты ай сайын коммуналдық қызмет үшін төленетін қаражат қайда жұмсалатыны алаңдатады.
Құрманғазы, 161 мекенжайында орналасқан үйдің жағдайы нашар. Жертөледегі құбырлардан су ағып тұр. Шатыр шұрқ-тесік, электр сымдары дұрыс орнатылмаған. Тұрғындар: «пәтер иелері кооперативі қызметі үшін ай сайын қаражат уақытылы төленгенімен, ешқандай жұмыс жасалмай отыр» - деп наразы.
ЖҰМАБЕК ҚАРАЖАНОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Кіреберістерде жарық жоқ. Біздің үйде қарт адамдар көп. Қараңғыда құлап қалуы мүмкін. ПИК бізден бас тартып тұр. Бізді шатыр, жертөле мәселесі алаңдатады. Неге пәтер иелері кооперативі жылыту маусымы қарсаңында жұмыстан бас тартады. Бұл дұрыс емес».
Тұрғындардың туындаған шағымдарына "ЦЕНТР" ПИК төрағасының да жауабы дайын екен. Мен судан таза, сүттен ақпын деген ол 80 пәтерді қамтитын тұрғын үйде коммуналдық қызмет ақысын төлемейтіндердің қарызы миллион теңгеге жетті деп мәлімдеді. Сонда ай сайын ақшасын төлеп отырғандар жауапсыз көршілерінің кесірінен зардап шегіп отырған болып шықты.
ФЕДОР РАДОСТЕВ "ЦЕНТР" ПИК ТӨРАҒАСЫ «Шатырдың пайдалану мерзімі 10 жыл, содан кейін күрделі жөндеуден өту керек. Жөндеу жұмыстары тұрғындардың есебінен жүргізіледі. ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша, не жалпы қаражат жинау бойынша мәселені шешуге болады. Ал ай сайын жиналатын ақшаны тұрғындардың кейбірі мүлдем төлемей отыр».
Тұрғындардың негізгі талаптарының бірі- коммуналдық қызмет үшін төленетін қаражаттың қайда жұмсалатыны туралы жауаптылардың есебін тыңдау.
ФЕДОР РАДОСТЕВ "ЦЕНТР" ПИК ТӨРАҒАСЫ «Тұрғындардың жасайтын төлемдері үйге қызмет көрсетуге жұмсалады. Ғимарат ыстық, салқын сумен қамтылған. Кәріз құбыры жұмыс істейді, жылыту маусымында жылу уақытылы қосылды. Бұл атқарылып жатырған қыруар жұмыс. Соны тұрғындар білуі керек»
Басшылық "Тұрғын үйді жаңғырту" бағдарламасы бойынша тұрғындарды мазалайтын мәселелерді шеше алатынын айтып, бір мәмілеге келмек болды. Егер үйді мекендеушілер бірауыздан бағдараламаға қатысуға келісім берсе, өз ғимараттарын жөндеп, қаражаты бірнеше жыл ішінде бөліп төлей алады.