«Біз біргеміз Қазақстан 2030» қоғамдық ұйымына түскен қаражатты жеке меншігіне иемденіп, оған қымбат зергерлік бұйымдар мен үй, көлік сатып алып, қалғанын саяхатқа жұмсаған Перизат Қайраттың ісін қаржы мониторинг агентті тергеуді толық аяқтады. Бұл істе оның анасы Ғәни Алашбаева да кінәлі болуы мүмкін. Ол да үй қамаққа алынды.  Анасы мен қызы заңсыз табысты жалған құжат арқылы меншіктеріне иемденіп отырған. 

ЕРНАР ТАЙЖАН ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Заңсыз табысты заңдастыру үшін ол өз бақылауындағы 16 жеке кәсіпкерлікпен жалған келісімшарттар жасап, металл үй, қайық, етік және басқа да тауарлар жеткізіледі деп көрсеткен. Алайда бұл тауарлар нақты жеткізілмеген. Перизат Қайрат 1 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған; – Осы соманың ішінен 72 миллион теңгені ол анасының атына тіркелген "Алашбаева" ЖК-нің шотына аударған, сылтауы — Солтүстік Қазақстан облысындағы (СҚО) зардап шеккендерге тұрмыстық техника сатып алу. Бірақ шын мәнінде бұл ақша қолма-қол алынған, ал бір бөлігіне 6,9 миллион теңгеге Rolex сағаты сатып алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың қаңтарында Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражаттың бір бөлігін "Rebel Flowers" ЖШС-ін сатып алуға жұмсаған. Сатып алу құны 23 миллион теңге болғанымен, келісімшартта 2 миллион теңге деп көрсеткен. Агенттік есебіне сәйкес, бұл гүл бизнесінен Қайрат 69 миллион теңге табыс тапқан. Перизат Қайрат жымқырылған қаражатқа мынандай жылжымайтын және жылжымалы мүліктер сатып алған: • 4 автокөлік; • 4 пәтер; • 2 автотұрақ орны; • Бір үй, бір жер телімі және құрылыс нысаны. Сондай-ақ оның иелігінен жалпы құны 158 миллион теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдар, аяқ киімдер мен сөмкелер тәркіленген. Қылмыстық жолмен алынған, жалпы құны 865 миллион теңге болатын барлық мүлікке сот шешімімен тыйым салынған».