Петропавлда жастар ресурстық орталығының еріктілері жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетуде. Олар қарттардың аулаларын қардан тазартып,  көмір әкеліп, үй шаруасындағы басқа да жұмыстарды атқарады. Толығырақ тілші материалында.

Жалғызбасты  зейнеткерлерге үйдің ауласын қардан тазарту қиын,  әсіресе жеке тұрғын үйде тұратындар үшін қыста жұмыс көбейеді.75 жастағы Галина Малыгина өмірінің жартысын зауытта жұмыс істеп өткізген. Оның жолдасы осыдан 17 жыл бұрын қайтыс болды. Еріктілер Галинаға жыл сайын көмек көрсетіп келеді. Бүгін олар оның үйінің ауласын қардан тазартуға көмектесті.

ГАЛИНА МАЛЫГИНА, ЗЕЙНЕТКЕР «Балалар келіп, қарды шығарып, көмір, су әкеліп, үй шаруасында көмектеседі. Мен оларға өте ризамын, рахмет».

Жалпы облыста көмек алушылардың саны 25-ке жуық. Осы аптада еріктілер 10 зейнеткердің ауласын тазалауға көмектескен. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмайды. Жастар ресурстық еріктілер орталығы тұрақты түрде жалғыз басты зейнеткерлерге көмек көрсетіп келеді, апта сайын барып барынша қолдау білдіреді.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, ПЕТРОПАВЛ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НҰСҚАУШЫСЫ «Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмек көрсетеміз. Бұл — жүріп-тұруы қиын адамдар. Біз оларға суларын, отындары мен көмірлерін тасып, аулаларын қардан тазартып береміз. Сонымен қатар, азық-түлік сатып алып, ас әзірлеуге де көмектесеміз».

Қазіргі таңда жастар ресурстық орталығында 70 ерікті бар. Облыс аудандарында тағы 40 ерікті мұқтаж жандарға көмектеседі.