Петропавл қаласындағы бірінші гимназияның 6-шы сынып оқушысы азаматтық қорғаныс құралдарының түр-түрін жинаумен әуестенеді. 12 жастағы оқушының коллекциясында бүгінде 30-дан астам жәдігер бар.
Егор Папст азаматтық қорғаныс құралдарын 2021-жылдан бері жинаумен айналысып келеді. Жиынтығындағы алғашқы газтұтқышты әкесі тарту еткен екен. Бұл жеткіншектің осы заттарға деген қызығушылығын оятқан.
ЕГОР ПАПСТ ОҚУШЫ: «Қорғаныс құралдарын жинауға деген қызығушылық Чернобыль атом электр станциясы туралы бағдарламаны көрген сәтте басталды. Коллекциямдағы алғашқы газтұтқышым – ГП 5 деп аталады. Қазір жинағымда газтұтқыштардан бөлек, арнайы кітаптар да бар. Ата-анам да менің қызығушылығымды құптап, коллекциямның көбеюіне үлес қосып жатыр».
Егордың жинағына қызығушылық туындап гимназияда көрме де ұйымдастырған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де бұл бастаманы қолдап отыр.
ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ТОБЫНЫҢ ОФИЦЕРІ «Осы Петропавл қаласының бірінші гимназиясында 6 сынып оқушысы газқағарлар жинайды деген ақпаратты естіп, осында келіп отырмыз. Шынымды айтсам осында жас жеткіншекте қызығушылығы барын көріп тәнті болып отырмыз. Егер бұл бала болашақта көрме жасаймын, газқағарларын баршаға жариялаймын десе, ТЖ атынан қолдау көрсетеміз».
Егор жәдігерлер қатарын толықтыра түспек ниетте. Гимназияда ұйымдастырылған көрме наурызға дейін жалғасады. Өйткені 1 наурыз – дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі.