Бұдан былай елімізде жаңа сот сараптамасы енгізіледі. Ол сексуалдық cипаттағы қылмысты анықтау және педофильге химиялық кастрация жасау үшін қажет. Оған соңғы кездері жыныстық сипаттағы қылмыстардың көбеюі себеп болуда. Бұл туралы бүгін Астанада әділет министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәли айтты. Айтпақшы, одан бөлек ресми өкіл «Өздерін сот орындаушы, әділет министрлігінің қызметкері» ретінде таныстырып халықты алдап жүрген алаяқтар санының көбейгенін ескертті. Сондықтан, алда-жалда осылай хабарласқан болса, ресми сайтқа кіріп жеке сәйкестендіру кодын жазып, бар ақпаратты тексеруге кеңес береді.
ТАЛҒАТ УӘЛИ ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Халықаралық тәжірибені талдай келе соңғы кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар санының артуына байланысты Әділет министрлігі зерттеудің жаңа түрі «Сот-сексологиялық сараптаманы» енгізу жұмысын бастады. Ресми өкіл жаңа сараптама не үшін керек екенін түсіндірді. Сараптама тексерілушінің жыныстық, психосексуалдық дамуда қандай да бір ауытқуы бар немесе жоғы, ауытқулар байқалса, ол нені білдіреді, педофилдерді анықтау, тексерілушіге химиялық кастрация қажет пе жоқ па деген сұрақтарға жауап береді. Жобаны іске асыру үшін Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусьте оқудан өтті».
Сондай-ақ брифинг барысында әділет министрлігінің ресми өкілі Талағт Уәли АҚШ сотының Храпуновтар мен Әбіләзовтен қайтарылатын ақша ісіне қатысты үкім шығарғанын айтты.
ТАЛҒАТ УӘЛИ ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «26 маусымда Нью-Йорктің оңтүстік округіндегі аудандық соттың 3 апталық тыңдауынан кейін алқабилер Ілияс пен Виктор Храпуновтарға, сондай-ақ олардың Мұхтар Әбіләзов пен Феликс Сатер сияқты сыбайластарына қарсы әкімдіктен ұрланған ақшаны жылыстату дерегіне қатысты 32 млн АҚШ долларынан астам сома бойынша бірауыздан үкім шығарды. Алайда, бұл сома бір апта ішінде сот тарапынан түзетілуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, осы азаматтық істі Әділет министрлігі Алматы қаласы әкімдігінің және “БТА Банктің” мүдделерін қорғау үшін 2019 жылы қозғаған. Оған негіз болған – негізсіз баю, ақшалай қаражатты заңсыз иемдену және қылмыстық шығу тегі бар ақшаны пайдалану фактілері болатын».