Отандық туризм көңіл көншітерлік жағдайда емес. Швейцариядан кем түспейтін әсем табиғатымыз бен небір көрікті мекеніміз бар болғанымен, ол жерлерді дамыта алмай отырмыз. Демалуға келген адамға еш жағдай жасалмаған. Электр тоғы да, интернет те ,тіпті қоқыс жәшігі де жоқ деген сенаторлар туризмді дамыту керек деп Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

СҰЛТАН ДҮЙСЕМБИНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

«Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пункттері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс объектілері абаттандырылмаған».

Ал, енді бір топ сенаторлар отандық киноидустриясының дамуына алаңдаулы. Қазақстан өзінің салт-дәстүрі мен құндылығын насихаттайтын фильмдер түсіруі керек дейді.

ҚАЙРАТ ТАСТЕКЕЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

«Егер Қазақстанда әртүрлі бағалаулар бойынша серия үшін төлем 6 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін болса, онда Ресейде серия үшін 200 мыңнан 400 мың АҚШ долларына дейін жұмсалады. Шетелдік телехикаяларға тыйым салу және өз өндірісіміздің кинофильмдерін дамыту жөніндегі халықаралық тәжірибе де алуан түрлі».