"
Сенат депутаттары үкіметке наразы. Олар өздері жолдаған депутаттық сауалдарына мардымды жауап ала алмаймыз деп отыр. Мемлекеттік бағдарламаның қай қайсысы болсын межелеген индикаторға қол жеткізген жоқ. Барлығы тек қағаз жүзінде іске асып жатыр, ал іс жүзінде түк жоқ деген жоғарғы палата депутаттары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын сынады.
ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Үкімет тарапынан мемлекеттік сауалға берген ресми жауаптары көңілге қонымсыз. Іс жүзіндегі көптеген амбициалық жобалар қағаз жүзінде қалып, бірде-бір мемлекеттік бағдарлама межелеген индикаторға қол жеткізілмеген. Жазылады немесе болады , сұралуда, жоспарлануда деген стандартты жауаптармен аяқталады. Ең сорақасы, теріс нәтиже үшін ешкім жауапқа тартылмайды».
Айта кетейік, бүгін сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақ аясында тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған құжатты мақұлдады. Жалпы құжатқа 32 түзету енгізілді. Олар техникалық реттеуге, санитарлық, ветеринарлық және карантиндік шараларға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуға қатысты.