Су тасқынына байланысты өңірлердегі ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бүгін түнде Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы бір ауыл тұрғындары эвакуацияланды. Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Үлкен Малышка ауылындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады.Барлығы 8 мыңға жуық адам құтқарылды. Оның 2 мыңдайы балалар. Ал, бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Орал қаласының тұрғындарына үндеу жасады. Толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Оралға қауіп төнуі мүмкін. Облыс әкімі осылай деді. Қазір қалада эвакуциялық пунктер жасақталған. Олар тұрғындарды үздіксіз, тәулік бойы 24\7 қабылдайтын болады. 

ЕРХАН ТАТКЕН БҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:  
«Мамандардың айтуынша Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде облысымызға жетеді. Қалыпты деңгей 8,5 метр болса, бүгін Жайық деңгейі 8 метрге жуықтаған. Қазір төтеншеліктер мен күштік құрылымдар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Су тасқынына өңірімізден және республиканың өзге аймақтарынан 6389 адам және 1403 бірлік техника соның ішінде 645 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Еріктілер мен қарапайым азаматтар да қолдан келген көмектерін аямай жатыр». 

Өзге өңірлерде де ахуал мәз емес. Мәселен, Қостанай облысында 50-ден аса үй әлі де су астында. Уақытша орналастыру пункттерніде 200 – дей адам тұрып жатыр. Ал, бүгін түнде Солтүтік Қазақстан облысының бір ауылына қауіп төніп, түгелдей бүтін бір ауыл тұрғындары құтқарылды. Жалпы республика бойынша су тасқыны басталғаннан бері 111 мыңнан аса адам эвакуацияланған. 

ЕРАСЫЛ САЙПАШ ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ: «9, 5 млн текше метр еріген қар суы сорылып шығарылды. 2 млн 200 мың қапшық, 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Бүгінгі таңда авариялық құтқару жұмыстарында 33 334 адам, 4066 бірлік техника, оның ішінде 835 су сору құралы, 275 жүзу құралы, 11 әуе-кемесі жұмыс істеп жатыр».

Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына жан-жақ өңірден, алыс-жақын шет елден де гуманитарлық көмек барып жатыр. Зардап шеккен облыстарға жалпы саны 1400 тонна көмек жеткізілді. Аталған  аймақтарда құтқарушылар мен еріктілер де  жеткілікті. Бүгін тағы Атырау облысының Индер ауданына Тараздан 350 әскери қызметші барды. Ал, желіде мына құтқарушыларға тәтті ұсынып жүрген қыз жұртты сүйсінтті. 

Суға кеткен үйлерге қатысты 3 жедел топ құрылды. Олар зардап шеккен аймақтарға барып, жағдайды көзбен көріп, үй салатын орындарды анықтайтын болады. 

МЕРУЕРТ ИБРАЕВА ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Ақтөбе облысына сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді. Әкімдіктің ақпараты бойынша өңірде 436 дайын жер учаскесі бар, оның ішінде Ойыл ауданында - 321, Қобда ауданында - 77, Әйтеке би ауданында - 22, Темір ауданында 10 және Ақтөбе қаласында 6 жер учаскесі бар».

Айтпақшы, Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккендердің салықтық жүктемесі бірінші шілдеге дейін шегіріледі деді. Кешіктірілген уақытқа өсімпұл мен айыппұл жүрмейді.