Су тасқынына қатысты өңірлерде ахуал мәз емес. Атырауда қауіп әлі сейілген жоқ. Үрейлі халық малдары мен үйлеріне алаңдаулы. Жайық өзені маңында төтеншеліктер мен еріктілер тәулік бойы 24/7 тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Индер және Махамбет аудандарында 30 эвакуация пункті дайын тұр. Депутаттар да сол өңірде жүр.
Солтүстікте де жағдай күрделі. Бүгін Қарағандылық құтқарушылар сол өңірге көмекке аттанды. Қаратомар, Амангелді су қоймалары 99 пайызға толған. Қауіп жоғары. Су тасқыны басталғалы бері 80 мыңдай адам құтқарылды. Алайда, эвакуация жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Қауіпті аймақтардан адамдарды құтқару жалғасуда. Төтеншеліктер де, әскерилер де, депутаттар да өңірлерде жүр. Зардап шеккен халыққа 25 мыңнан аса волонтер көмектесіп жатыр.
АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ «ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІ» ӨЗ АРА ІС-ҚИМЫЛ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Республика бойынша 20 аймақта жедел желі телефондары іске қосылған. Сондай-ақ гуманитарлық көмек орталықтары ашылып, көмек жиналып жатыр. Осылайша гуманитарлық көмек зардап шеккен аймақтарға жіберіліп жатыр. Бүгінге дейін республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. 370 тонна көлеміндегі гуманитарлық көмек қажетті елді мекендерге жеткізілді».
ТЖ жарияланған өңірлерге мемлекеттік резервтен 51 арнайы техника жіберілді. Қосымша Павлодар мен Қарағандыдан құтқарушылар солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Қаратомар, Желқуар, Амангелді су қоймалары 99 пайыз суға толып тұр. Қостанай облысы бойынша 6 елді мекенде төтенше жағдай жарияланды. Тобыл өзені мен Сергеев су қоймасы бақылауға алынды.
ЕРАСЫЛ САЙПАШ ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ: «Зардап шеккен өңірлерде 126 мың гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштермен 7 млн астам текше метр еріген қар су сорылды. 993 мың қапшық, 982 мың тонна инертті материал төселді. 1739 тұрғын үй мен 1743 аула аумағына су бұрылды. Тәулік бойы авариялық құтқару жұмыстарына 16375 адам, 1681 техника, 377 су сору және 81 жүзу құралы 15 әуе кемесі жұмылдырылды».
Су тасқыны болған өңірлерде 814 әскери қызметші тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. 44 әскери техника, 3 тікұшақ, 2 көліктік авиация құтқару жұмыстарына жұмылдырылған.
РУСЛАН ЖАНГУЛИН ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Қостанай облысында аумақтық қорғаныс бригадасының 70 әскери әскери қызметшісі Қостанай қаласының Затабольск ауданында 8 мың қап құм дайындап, Тобыл өзенінің жағалауын (800 метр) нығайту жұмыстарын жүргізді. Аумақтық қорғаныс бригадасының іс қимылын үйлестіру үшін Қостанай өңіріне Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов ұшып барды».
Айта кетейік, су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған мұғалімдер биыл аттестатциядан өтпейді. Аттестаттаудан өту келесі жылға қалдырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі фейсбукте жазба жариялады.