Су тасқыны салдарынан малы қырылған азаматтарға өтемақы қалай төленеді? Өтінішті қайда жіберу керек? Алдын-ала ақпарат бойынша республикада өлген мал 8,1 мың басты құрайды. Тағы елдің бірқатар өңіріне қауіп төніп тұр. Еріктілер де, құтқарушылар мен әскерилер де аймақтарда, тәулік бойы үздіксіз қызмет етіп жатыр.
Еліміздің шығысы мен оңтүстігінде нақты айтқанда Жамбыл облысында және Семейде жағдай ерекше бақылауға алынды. Себебі, алда күн күрт жылынып, аталған өңірлерде тасқын болу қаупі бар. Елдің барлық өңірінде еріктілер зардап шегушілерге көмек қолын созуда. Бір Астананың өзінен өңірлерге 550 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Елорда да 30 волонтерлік ұйым онда 600-ден астам ерікті жұмыс істеп жатыр.
ЭЛЬВИРА ЕСМҰХАНОВА АСТАНА ҚАЛАСЫ ЕРІКТІЛЕР ФРОНТ-ОФИСІНІҢ БАСШЫСЫ: «Қазіргі таңда Астанадан зардап шеккен өңірлерге 550 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Көмек кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдардың, қауымдастықтардың, еріктілердің, қайырымды жандардың, азаматтардың арқасында көрсетіліп жатыр. Өңірлерге азық-түлік, жылытқыштар, қайықтар, генераторлар, күректер, 400 мың қап, балалардың киімдері, гигиеналық заттар, шатырлар, төсек-орын жабдықтары, резеңке киімдер жіберілді».
Бүгін Қарағандылық төтеншеліктер Ақмола облысына көмекке келді.Себебі, Жібек Жолы кентінің бірқатар аудандарын су басу қаупі бар. Жас ұландықтар да осы аймақта. Әскерилер де бар күштерін салуда.
РУСЛАН ЖАНГУЛИН ҚО ҚМ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Әуе көлігімен 39 адам тасымалданса, 4 тоннадан астам жүк жеткізіліп, 6 мыңнан аса қапшыққа құм толтырылып, төселді. Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері Петропавл қаласы маңындағы Заречный ауылының аймағына Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1 050 қапшық құм дайындады. Төтенше жағдайлар департаменттері мен Полиция қызметкерлерімен бірге олар Заречный тұрғындарын эвакуациялауға қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ауылдың айналасын нығайту үшін 8000 қап құм толтырды. Екінші топ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ мамандарымен бірлесіп Петропавл қаласының маңындағы айналма жолды нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр».
Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгін ресми мәлімдеме жасады. Мал шығынына қатысты өтемақыны өтініш беру арқылы алуға болады деді. Жедел деректер бойынша өлген мал 8,1 мың басты құрайды.
ОЛЖАС ТІЛЕБАЛДИН ҚР АШМ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларын иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалады».
Әсіресе, теміржолшылардың көмегі көп тиюде. Жолды су шайған аймақтарда осы теміржол адамдарды құтқаруда да азық-түлік жеткізуде де жалғыз көлік құралы болып тұр. Жолшылар магистарльдық жолды кезекшілікпен тәулік бойы өздері күзетуде.