СҚО Зеренді ауданының бес елді мекенін, Целиноград ауданының 27 ауылын су басу қаупі туындап отыр. Осыған орай аудан басшылығы мен жауапты мамандар тиісті шаралар жүргізіп жатыр.
Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына Зеренді ауданы бойынша 22 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп,оған қажетті мөлшерде жанар-жағар май мен инертті материалдар сатып алынып, қауіпті аймақтарға бөгеттер орнатылған. 22 мектепте төтенше жағдай кезінде адамдарды орналастыруға арналған эвакуациялық пункт құрылды. Еріген қар суының деңгейі көтерілген жағдайда Алексеевка ауылының шетінде орналасқан 5 үйді, Қылшақты өзенінің су деңгейі көтерілсе, Ивановка ауылындағы үйлерді су басу қаупі бар деп болжанып отыр
АСХАТ АХМЕДИЯНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Троицк ауылының шеткі үйлерін су басу қаупі бар. Яғни, 6 объект. Енді 6 үй дейміз ғой. Айдабол ауылы бойынша еріген қар суының деңгейі көтерілген жағдайда іргелес жатқан үйлерді су басу қаіп бар. Яғни, 8 үй. Енді қаражат бөлінді. Жылдан жылға келіп жатқан су тасқыны ғой. Бұрынғы жылдары бір қателіктер болып жатса, соның бәрі ескерілді. Былтыр 14 миллион берілсе, осы жылы 22 миллион ақша бөлінді. Сол себептен жұмыс атқарылып жатыр».
Ерейментау ауданы да тасқынға сақадай саймыз деп отыр. Төтенше жағдай кезінде далада қалған тұрғындарды тамақтандыру пунктерімен келісім шарттар жасалып, азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры сатып алынған. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағынан 13 200 текше метр қар шығарылған.
БАТТАЛ ЫБЫРАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ерейментау ауданының аумағында 4 гидротехникалық құрылғы бар. Олар: Селеті су қоймасы, Шымбұлақ, Үленті және Баймен бөгеттері. 2023 жылы Есіл бассейн инспекциясы жүргізген тексеріс нәтижесінде Баймен бөгетінің жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Сол жылдың жазында бөгет жоталарын нығайту жұмыстары жүргізілді.Осы жылдың ақпан айында тағы да тексеріс жұмыстары жүргізіліп, тиісті акт толтырылды. Бөгеттің жағдайы біздің назарымызда».
Целиноград ауданының 27 елді мекенін су басу қаупі бар. Осыған орай аудандағы арық жүйелерін тазарту жұмыстары да жүріп жатыр. Аудандық бюджетте төтенше жағдайлардың алдын алуға 37 миллион, шұғыл шығындарға 100 миллион теңге мөлшерінде резерв көзделген. Апат айтып келмейтінін ескерсек төтенше жағдайға мейлінше дайын болған абзал. Брифингке қатысқан үш аудан әкімінің орынбасарлары бірауыздан су тасқынына дайын екендерін айтты. Қажетті қаражат та толық мөлшерде бөлінген.