"
Үкімет басшысы тасқыннан зардап шеккен ағайынның мүлкін бағалау баяу жүріп жатқанын сынады. Су тасқынынан келген залал апта соңына дейін есептеліп бітуі тиіс. Үйсіз, күйсіз қалғандарға үш ай ішінде жаңа баспана салынып берілуі керек. Ол отбасылар жаңа оқу жылына дейін үйлеріне кіреді деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Еліміздің батысында жағдай әлі де тұрақтала қойған жоқ. Бүгінге дейін 63 мыңнан аса адам баспаналарына оралса, бес мыңнан аса адам әлі уақытша орналастыру пунктерінде түнеп жүр. Су тасқынынан зардап шеккен 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемді алыпты. Бірақ, жұмыс баяу жүруде. Осылай деген үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға апта соңына дейін уақыт берді. Олар дер арада шығынды есептеп жауапты комиссияға тапсырулары тиіс.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «28 мамыр бүгінгі таңда 15 093 тұрғын үй мен саяжай құрылыстарына сараптама жасалды, ол жалпы санның – 84%. Қорытындыға сәйкес, 9 мыңнан астам үй қалпына келтіріледі, 4 315 үй – апатты деп танылды. Өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, тағы 3 417-ін қайталама нарықтан сатып алу жоспарланып отыр. Барлық үйлердің бағалау мерзімін жеделдету керек».
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ: «Көріп отырғанымыздай, жұмыс қарқыны кейбір өңірлерде төмен, баяу жүріп жатыр. Мысалы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында. Сондықтан әкімдерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтардың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмысты кешіктермей барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы (үкімет басшысының орынбасары), жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыз».
Одан бөлек, бүгін үкіметте өңдеу өнеркәсібіне қатысты проблемалар айтылып, оны шешу жолдары көтерілді. Азық-түлік тауарына деген импорт артып барады деген премьер импорт көлемін азайту тұрғысында ауыл шаруашылық министрлігіне тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ: «Біздің алдымызда локализациялау деңгейі жоғары өндіріс циклін құру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Бұл ретте, өндірісті жаңғырту өте маңызды. Бүкіл әлемде цифрлық технологияларды белсенді қолдану, өндірістерді роботтандыру және автоматтандыру жүріп жатыр. Әлемдік трендтерден қалып қоймау үшін біздің кәсіпорындар да жаңа технологияларды белсенді енгізуге тиіс. Ал, салалық мемлекеттік органдар осы процесті дамытуға ықпал ететін қолайлы жағдайлар жасауы қажет».
Айталық, тамақ өнеркәсібі бойынша сүт өнімдерімен бірге қант, шұжық, макарон, жарма өнімдерінің, жеміс-жидек консервілерінің импорты өсіп барады екен. Бұған өзімізде шығарылатын тамақ өнімдерінің жеткіліксіз болуы және отандық кәсіпорындардың бәсекеге төтеп бере алмауы басты себеп дейді Олжас Бектенов. Сондықтан, енді «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030-шы жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында кәсіпкерлердің шығыстарды қайта субсидияланатын болады.