Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан бақылады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.

Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.

Қарулы Күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.

Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді. Сонымен қатар Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ -ЖОМАРТ ТОҚАЕВ

« Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз»

Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.