Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал».
Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар аударды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам жасалып отыр. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы осы құрлықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары орналасқан. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді».
Қасым-Жомарт Тоқаев фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі деп санайды. Алайда, Президенттің пікірінше, бұл мақсаттарға қол жеткізіп, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін күш біріктірген жөн. Осы орайда Мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Оларды іске асыру үшін бүкіл әлемдік қоғамдастық күш жұмылдыруы қажет.
Мемлекет басшысы Қытайға жасаған іс сапары аясында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының Президенті Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.Қазақстан Президенті Боао форумына қатысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдіріп, оның БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған кезде әлемдік қауымдастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Боаоға жұмыс сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді.Әңгімелесу барысында Президент жиынға шақырғаны және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының басшылығы мен Боао Азия форумының Хатшылығына алғыс айтты.Мемлекет басшысы қазақ-қытай ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын айтты.