Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысты.Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ Бас Асасамблеясына жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы. Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет».
Қазақстан Президентінің айтуынша, адамзат бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін».
Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында дәрменсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастау туралы үндеу тастады. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындатып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдай келешекте бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін.