Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан өңіріне барды.Онда Президент бір қатар нысандарды аралады.
Президент өңірге жасаған іс сапары барысында Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығында болды.Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томографиядан бастап,озық үлгідегі медициналық құрылғылар көрсетілді.Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамындағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты. Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Қытайға экспортталады.