Тіл бойынша заңды бұзғандар енді қатаң жазалануы мүмкін. Қазақ тілін қорлап «қазақша сөйлемеймін» деп менсінбеушілік танытқандар үшін жаңа норма енгізу жоспарлануда. Бүгін Мәжілісте депутат Абзал Құспан қазіргі заңның баптары осал, дұрыс жұмыс істемейтінін алға тартты. Өз кезегінде Әділет вице-министрі болса, пысықтау жұмыстарны жүргізуге дайынбыз деді.
АБЗАЛ ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Осы Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері, шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодекстің материалдық бөлігінде 75-бап бар. Ол бапта тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр. 75-бап бойынша айыппұлдар барлығы көрсетілген. Ал 804-бап бойынша, яғни процестік бөлігі 75-бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Тиісінше, тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына қатысты сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапкершілікке тартайық десек, бірде-бір өкілетті орган жоқ».
АЛМА МҰҚАНОВА ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Егер де 75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Себебі соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодекс аясында осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша пысықтау жұмысын жүргіземіз».