Қаржы Мониторинг Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілеріне 1,2 миллиард теңге және Бәйдібек аудандық білім басқармасымен 600 миллион көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену дерегі бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады. Бүгінде аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден асады.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: "2020-2023 жылдар аралығында "1С: Бухгалтерия" есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталушылар анықталды. Соталды тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды"
Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 миллион теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді. ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жарияланбайды.