"

Француз фермерлері ауыл шаруашылық наразылықтары кезінде қаза тапқан әйелді бір минут үнсіздікпен еске алды. Қайғылы оқиға елдің оңтүстігіндегі Арьеж департаментінде болды. Белгісіз себептермен көлік жолға қойылған сабанға соғылды. Ал, оның артында бір отбасы тұрған. Апат салдарынан фермер әйел оқиға орнында көз жұмды. Күйеуі мен қызы ауыр жарақат алды.

Диқандардың шеруге шыққанына екі апта болды. Фермерлер Франциядағы жолдарды жауып тастады. Наразылық білдірушілер үкіметті фермерлерден өнім бағасын төмендетуді талап етпеуге, сондай-ақ экологиялық стандарттарды жеңілдетуге шақыруда.

КРИСТОФ БЕЭВАР ФЕРМЕР: «Мәселе мынада, стандарттарды кеңселерде отырған адамдар белгілейді. Шенеуніктер бізге жаһандық жылыну мен климаттық қауіптер туралы айтады, бірақ олар сусыз тұқым өнбейтінін түсінбейді. Сосын бізге егінді суғарсақ та айыппұл салады. Жаңбыр жауса, бізге егін егуге тыйым салған. Ол үшін де айыппұл арқалаймыз. Біз шаршадық».

АЛЕКСИЯ ПЕЛЛЕТЬЕ ФЕРМЕРДІҢ ҚЫЗЫ: «Шынымды айтсам, бәрі өте қиын. Кейін әкемнің шаруашылығын ары қарай басқару маған жүктелген. Бірақ бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы қиындап жатыр және бұл өте қорқынышты. Францияда шағын шаруа қожалықтары жойылып, олардың орнын ірі қожалықтар басып жатқанын көріп отырмыз».

ЛЮК СМЕССАР FNSEA ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: «Бес айдан кейін Еуропарламентке сайлау болады. Ауыл шаруашылығы саласын тағы да стратегиялық маңызды деп атаған жөн, фермерлерді бақылауды доғарады деген үміт бар. Біз халықты асырау үшін жұмыс істейтін парасатты адамдармыз. Бізді заңға бағынбайтындар дегенді тоқтату керек ».

Франция - Еуро одақтың ең ірі ауыл шаруашылық өндірушісі. Алайда үкімет саясаты көбінесе фермерлерді наразылық білдіруге мәжбүр етеді. Осындай іс-шаралар қазір Германия, Польша, Румыния және Нидерландыда ұйымдастырылуда. Сонымен бірге, Еуропалық комиссия жақында 2014 және 2023 жылдар аралығында фермерлер мен басқа өндірушілерді қолдау үшін 63 шара қабылдағаны туралы айтты. Оған 2,5 миллиард еуро жұмсаған.