"

Астана төрінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс басталарда делегация басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.

Жиын барысында Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті. Әрі Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады. Бұдан бөлек, киберқауіпсіздік, әскери саланы дамыту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту, көлік дәлізін ұлғайту сынды бірқатар мәселелерге де тоқталды. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында 20-дан аса құжатқа қол қойылды.