Электронды темекі мен вейптерге тыйым салатын заң қабылданбады. Себебі, Сенат депутаттары аталған құжат шикі деп санайды. Айтуларынша, толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Бірінші кезекте, мұндай денсаулыққа аса зиянды вейптерді жарнамалаған және соның насихатына қатысты кез келген ұтыс ойындары мен лотореялар өткізгендер жазалануы керек дейді. Сондықтан, Сенат депутаттары заңды Мәжіліске кері қайтарды. Енді жақын арада төменгі палата сенаторлар ұсынған өзгерісті жаңа құжатқа енгізіп, қайта Сенат қарауына жіберуі тиіс. 

АЙНҰР АРҒЫНБЕКОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын екінші оқылымда қарап отырмыз. Бұл құжатқа бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Алдымен, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу керек. Сондай-ақ, электрондық темекі мен вейптердің  айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен электрондық тұтыну құралдарын сату, пайдалану, оларға демеушілік көрсету үшін жауаптылықты регламенттейтін нормаларды алып тастау керек. Сондықтан, осы жоғарыда аталған нормаларды заңға енгізу үшін, Мәжіліс қарауына жіберуді ұсынамыз».