Ақмола облысында жыл өткен сайын тозығы жеткен электр желілерінің саны артып келеді. Техникалық ақаулар көбеймесе, азаяр емес. Қордаланған мәселелерді дер кезінде шешіп, қарапайым тұрғындардың талабына сай жұмыс істеу қажет екені белгілі.

Соңғы кездері облыс тұрғындары электр қуатының сағаттап сөніп қалатынына жиі шағымдануда. Әлеуметтік желінің өзіне 3 айда 250-ден астам шағым түскен. Әсіресе, Зеренді мен Астана маңындағы аудандарда бұл сұрақ өте өзекті. Тұрғындарды электр энергиясымен қамтып отырған «Акмолинская РЭК» акционерлік қоғамы мен «Көкшетау энерго» серіктестігі. Ол 4 аудан бойынша қызмет көрсетеді. Электр желілерінің 79 пайызы ескірген. Ал, «Акмолинская РЭК» акционерлік қоғамына қарасты электр желісінің 65 процентінің тозығы жеткен. Оның 2,6 мың шақырымын жөндеу қажет. Бұл мақсатқа 5,5 млрд теңге қарастырылған.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жағдайы қиын аудандардың көшін Зеренді бастап тұр. Бұл ауданның оңтүстік бөлігіндегі электр желілері 60-70 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Ол жерде «Зеренді групп» акционерлік қоғамы қызмет көрсетеді. Желілерге 38 елдімекен, немесе 20 мыңнан астам тұрғын қосылған. Шынымен, бұл ауданда жиі апат болып, халық жарықсыз қалып жатады. Бұл мәселе осы күні Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр».

«Көкшетау энерго» серіктестігінің басшылығы мәселелердің осынша ушығуының бірден бір себебі облыс дамуының перспективалық жоспарының болмауы деп түсіндіріп отыр. Бұдан қалды, қала ішінде қосалқы бекеттер жоқтың қасы. Облыс орталығының аумағы кеңейіп жатқандықтан, электр энергиясы қосалқы бекеттерінің күші 100 пайыз қызмет көрсетуге қауқарсыз.

ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

«Бізде орталықта электр энергиясын беру жылдан жылға нашарлап бара жатыр. Өйткені, үйлер соғылып жатыр, көптеген объектілер қосылып жатыр орталықта. Қуат алу көзі өсіп жатыр. Ал, қосымша шешім қарастырылып жатқан жоқ. Сондықтан, мен 5 жыл болды айтып жүргенім. Мына астра деген подстанция бар Қылшақты өзенінің жағалауында. КПЗсы екеуінің арасын 110 километр линиямен қосып, өзінің категориясын екінші категорияға жеткізу».

Әсіресе, Целиноград, Зеренді және Аршалы аудандарын электр энергиясымен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Құрылыс жұмыстарын жылу, жарық және су тартылғаннан кейін бастау қажет. Ешқандай жағдайы жасалмаған айдалада құрылыс жүргізуге рұқсат беретін әкімдер де бар екенін атап өтті облыс басшылығы. Әсіресе, Астана маңындағы аудандарда осындай мыңдаған жағдай тіркелген.