Еліміздегі автожолдарды басқаратын жалғыз ұлттық оператор ҚазАвтоЖолдың бұрынғы төрағасы ұсталды. Компанияны 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың 1-ші ақпанына дейін басқарған Асқар Мұратұлы жол салуға деп бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады. Тергеу басталды, өзге ақпараттар жариялауға жатпайды дейді. Айта кетейік, құрылысы ұзаққа созылған автожолдар мен оның сапасының сын көтермейтінін биыл Президент жолдауда баса айтып, ескерту жасаған еді.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
«Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Бас көлік прокуратурасының жұмыс үйлестіруімен бір көзден алу жолымен бюджеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ-ның экс-басқарма төрағасы А.Муратұлы ұсталды. Сотпен күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес, өзге мәлімет жариялануға жатпайды».