Алматыда HomeTech & Electra 2026 халықаралық көрмесіне дайындық аясында онлайн B2B-кездесулер сериясы басталды. Бұл аталған серия аясындағы кездесулердің бірі. Іскерлік келіссөздерге Қытайдың Фошань, Нинбо қалаларындағы және басқа да өнеркәсіптік өңірлерінен шамамен 60 өндіруші, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.

B2B-кездесулерді B2B Way Club ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек көрмеге дайындық емес, сонымен қатар халықаралық өндірушілер мен отандық кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты күшейтуге бағытталған нақты іскерлік алаң. Кездесу барысында тараптар өнім жеткізу, дистрибуция, логистика, сервистік қызмет көрсету және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Бурлибаева Асия Абиловна, «World Silk Way» ЖШС бас директоры, B2B Way Club жобасының жетекшісі: B2B кездесулердің негізгі мақсаты — қазақстандық кәсіпкерлер мен халықаралық өндірушілер арасында нақты іскерлік байланыс орнату. Біз тараптарды көрмеге дейін таныстырып, олардың сұраныстары мен мүмкіндіктерін алдын ала анықтауға көмектесеміз. Бұл көрме кезінде келіссөздердің нақты әрі нәтижелі өтуіне мүмкіндік береді.

Онлайн B2B кездесулер әр компанияның сұранысына қарай жеке форматта өткізіледі. Қазақстандық кәсіпкерлердің қажеттілігіне сай өндірушілер іріктеліп, келіссөздер аудармашылардың қатысуымен жүргізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәсіл бизнеске тек танысу деңгейінде тоқтап қалмай, нақты ұсыныстарды, жеткізу шарттарын, баға саясатын және ұзақ мерзімді серіктестік мүмкіндіктерін алдын ала талқылауға мүмкіндік береді.

Әсембай Азат Әбілұлы «World Silk Way» ЖШС директоры: HomeTech & Electra 2026 жобасының жетекшісі: Біз HomeTech & Electra 2026 көрмесін тек тауарларды көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар халықаралық сауданы дамытуға, серіктестік орнатуға және нақты келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беретін іскерлік платформа ретінде қарастырамыз. Біздің мақсатымыз — Алматыда өндірушілер, сатып алушылар, дистрибьюторлар мен инвесторлар тікелей байланыс орнатып, нақты келіссөздер жүргізетін орта қалыптастыру.

HomeTech & Electra 2026 халықаралық көрмесі биыл 6–8 тамыз аралығында Алматыдағы Atakent-Expo көрме орталығында өтеді. Көрмеге тұрмыстық техника, электроника, электр тауарлары және оларға қатысты салалардағы 300-ден астам халықаралық өндіруші қатысады деп күтілуде.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, алдын ала өткізілетін B2B кездесулер қазақстандық бизнеске жаңа жеткізушілермен, өндірушілермен және серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мұндай формат Алматының Орталық Азиядағы халықаралық сауда, B2B келіссөздер және өндірістік кооперация орталығы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.