"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанды қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Одан әрі Виктор Орбан мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, ілтипат білдірді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда кездесу өтетін залға барды.

ҚАСЫМ–ЖОМАРТ ТОҚАЕВ  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Қазақстан сіздің атамекеніңіз деп айтуға болады. Себебі тамырыңыз осы жерден бастау алады. Өзіңіз қыпшақтарға өте жақынсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі. Сондықтан сізге өте ризамыз. Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа күшті серпін береді деп сенеміз. Қазақ пен мажар — ежелден сыйластығы жарасқан туыстас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Тарихи тамырластық және тығыз байланыстар бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамыды».

Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.

ҚАСЫМ–ЖОМАРТ ТОҚАЕВ  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  «Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін».

Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

ВИКТОР ОРБАН МАЖАРСТАН ПРЕМЬЕР – МИНИСТРІ «Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.