Ертең Астанада маңызды жиын өтеді. Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының XXIV (24) саммиті болады. Бұл жиын – тура бір жыл бұрын өткен қауымдастыққа мүше мемлекет басшылары кеңесінің заңды жалғасы. Бүгіннен бастап, Астана мәртебелі меймандарды күтіп алуды бастады.
Елорда әуежайы мәртебелі меймандарды күтіп алуда. Алпауыт елдердің басшылары Астанаға ат басын тіреп жатыр. Бүгін таңертең Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бас қалаға арнайы келді. Оны әуежайда Премьер-Министр Олжас Бектенов қарсы алды.
Артынша ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Моңғолия Президенті Астанаға ұшып келді. Мәртебелі мейманды Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды. Айта кетейік, Моңғолия – 2004 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында бақылаушы мәртебесін алған алғашқы мемлекет.
Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жинына қатысу үшін арнайы Қазақстанға іс-сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада кездесті. Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылдары сап түзеп, қонақты ерекше сый-құрметпен күтіп алды.
Екі жақты кездесуде Мемлекет басшысы Қытаймен Қазақстанның мәдени-гуманитарлық байланысы жанданып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамудың жаңа «алтын кезеңіне» аяқ басқанын атап өтті. Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд доллардан асқан. Ол рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 14,5 млрд долларды құрайды. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Қытай Халық Республикасы – тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі. Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын».
Айта кетсек, жақында Астана мен Бейжіңде екі елдің бірлескен мәдени орталықтары ашылады. Одан бөлек, Елордада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы бой көтереді. Ал, 2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы деп аталады.
СИ ЦЗИНЬПИН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Құрметті Президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін».
4 шілде Астанада Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының XXIV (24) саммиті өтеді. Онда маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтіледі. Ертең де Елордададағы мемлекеттік ұйымдар қашықтан жұмыс істейтін болады.