Бұдан былай елімізде вандализмге қатысты жаза қатаяды. Мүлікті қиратып, сындырғандар түрмеге қамалуы мүмкін. Ал, көшеде қоқыс тастағандар екі есе айыппұл төлейді. Белгіленбеген жерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Ол 36 920 теңге. Бұдан басқа бүгін Мәжіліс спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қарады.
Қазақы асыл тұқымды жылқылар жойылу алдында тұр. Мәжілісмендер осылай деп дабыл қақты. Бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы ғана қалған. Сондықтан, отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру аса маңызды.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған Заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады».
Тұлпарды армен де заңмен де қорғау керек. Өйткені жылқы шаруашылығын дамыту қасиетті ана тіліміздің дамуына да себепші. Жылқы – қазақтың ұлттық бренді деген депутат Аманжол Әлтаев асыл тұқымды жылқы өсірушілерді мемлекет қамқорлығына алып, оларға субсидия беру керек дейді.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Атам қазақ ұл туса, өмірге атқа мінер келді деп қуанған. Бүгінгідей телефонға телмірген күрделі кезеңде балаларды атқа баулу маңызды іс. Ондай бала қайратты, білекті болып өседі. Егдеше, атаулы заң жылқы шаруашылығын дамытуда ұрпақ болашағы үшін де қажет»
Ал, енді бір мәжілісмен асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға деп құрылған палата жұмысын сынады.
АНАС БАҚҚОЖАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«17 палата жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығын танимыз. Ащы болса да айтайын. Асыл тұқымды қойды 17 бағытқа бөліп алғаннан не шықты. Еш нәтиже жоқ. Бұлар тек «асыл тұқымды» деген қағаз берумен шектеледі».
Сонымен депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қабылдады. Одан бөлек, бүгін Мәжілісте вандализм бұзақылыққа қатысты заңды екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат бойынша енді мүлікті қиратып, сындырғандар түрмеге қамалады. Ол әкімшілік емес, қылмыстық жазаға ауысты. Ал, көшеде қоқыс тастағандар екі есе айыппұл төлейді. Белгіленбеген жерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Ол 36 920 теңге. Асылы, ереже бұзбай, заңға бағынып жүрген жөн.