"

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, мәдениеттанушы ғалым, профессор, қаламгер Мұрат Әуездің 80 жылдық мерейтойына арналған «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Толығырақ келесі тақырыпқа назар аударсақ.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен жасалған халықаралық конференция жоғары дәрежеде өтті. Тағылымды жиынның мақсаты – Мұрат Мұхтарұлының ғылыми, шығармашылық еңбектерімен қатар қоғамдық және мемлекеттік қызметінің маңызды кезеңдерін саралап, қайраткер қаламгердің рухани мұрасын насихаттау. Конференция жұмысын ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев мерейтой иесінің қазақ руханиятында алатын ерекше орнын атап өтіп, қаламгерге ерекше құрмет көрсетті.

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

«Мұрат Мұхтарұлы есімі қазақ халқына ғана емес, барша Түркі дүниесі мен Ислам әлеміне жақсы таныс. Қаламгер Мәскеуде оқып жүрген кезеңде қазақ жастарының басын қосқан «Жас тұлпар» қозғалысының белді мүшесі, жетекшілерінің бірі болды. Семей ядролық полигонын жабу жөнінде бастама көтерген «Невада-Семей» қозғалысына мүше болып, елдік мәселелерге атсалысты. «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болған кезеңде ұлттық кинематографиядағы жаңа толықынды қалыптастырды. Қазақстан Жазушылар одағында еңбек еткен жылдары көркем аударма және әдеби байланыстар саласын дамытты».

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Татарстан жазушылар одағының төрағасы Зайдулла Ркайл, Татарстан халықтары ассамблеясының төрағасы Ирек Шарипов, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова қатысып, мерейтой иесін құттықтап, өз сыйлықтарын тарту етті.Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Голландия елдерінен келген ғалымдар, ақын-жазушылар, еліміздің зиялы қауым өкілдері, Мұрат Әуездің замандас-достары және ҚазҰУ-нің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.Шара барысында шығыстанушы, түркітанушы, тарихшы ғалымдар Роберт Эрмерс, Сафар Абдулло, Александр Қадырбаев баяндама жасап, профессор Мұрат Мұхтарұлының әдеби және саясаттағы зор үлесі мен жетістіктеріне тоқталды.Конференцияда Мұрат Мұхтарұлының түрік тіліндегі «Birliktelik» (Бірлік) кітабының тұсауы кесілді. Бұл жинақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрді.Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы әрі қарай секцияларда жалғасты.