Естеріңізде болса, өткен жаңалықтарда Каспий теңізінің сәнін келтіріп тұрған қанаттылардың қырылып жатқанын айтқан болатынбыз. Бүгінде осы оқиға Қарақия ауданының Құрық ауылында тіркелді. Қырылған аққу саны мыңға жуықтады. 11 қаңтар күні теңіз жағасынан 20 аққудың өлексесі табылған.
МҰҢАЛБАЙ САНСЫЗБАЕВ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: "Бұл жердің өзінде де 20 басқа жуықтаған аққу құсының өлігі табылған. Күнделікті жергілікті атқарушы органдармен қазір тапсырмалар беріліп, шаралар алынуда. Біздің міндетіміз табиғатта қазіргі уақытта құс өліміне байланысты облыстың териториясында бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргізу.Қанғыбас иттерді шектеп, мына аққудың өліктерін сол иттердің алып кетпеуіне соған жұмыс жүргізіп жатыр бәрі".
2006 жылдары осындай жағдай орын алған көрінеді. Дегенмен ол уақыттарда қанаттылардың өлекселері теңіз жағасынан табылмаған.Қарақия ауданы бойынша 2672 үй құсы тіркелген. Былтыр күз айынан бері құс тұмауына байланысты 2000-ға жуық екпе салынған.
АМАНГҮЛ АТАКАЕВА ҚҰРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ МЕД-ПУНКТ БАСШЫСЫ:"Қазіргі кезде біз теңіз жағалауындағы аққулардың өлекселерін алып, арнайы өртейтін жерге апарып өртеп жатырмыз. Кешелі 12 бас аққуды өртесек, бүгін айналаны мал дәрігерлері тексеріп, аққуды өртегелі жатырмыз. Жалпы бұл құс тұмауы өте жұқпалы".
Арнайы мамандар сараптама жұмыстарын да жасауда. Әзірге нақты неден болып жатқаны беймәлім. Аудан әкімдігі іс-жүргізу шараларын бастап кетті. Оқиға бойынша жұмыс жасап жатқан мамандар біраз уақыт тұрғындарға жағалауға келмеуін және үй жануарларын барынша сақтықта қадағалауын, мүмкіндік болса оларға арнайы екпе салдырып алғандары жөн деп дабыл қағуда.