Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларымен кездесті.Президент Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларына ілтипат білдіре отырып, қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан халықаралық «Иннопром. Қазақстан» өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін оларға ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен кәсіпорындар мен ірі жобалар саны артып келеді. Бұл Одаққа мүше елдердің сыртқы сауда көлемінің үздіксіз ұлғайып, биылғы бірінші жартыжылдықта 13 пайызға жеткенінен байқалады. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік-транзит әлеуетін ашумен тікелей байланысты, сондықтан көлік қатынастарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде дамыту керек деп санайды.
Президент Иранға, Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізінің, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытының мүмкіндіктері жөнінде айтты. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне баса мән берді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнеркәсіп саласындағы ықпалдастығын дамыту маңызды екеніне тоқталды.
Сондай-ақ биыл мамыр айында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру кезінде кооперацияға қаржылай көмек көрсету туралы құжатқа қол қойылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл механизм бірлескен жаңа өндіріс орындарын ашуға тың серпін береді.