"

Ақмола облысы бойынша 130 тұрмыстық қалдық полигоны бар. Олардың жартсынан көбі заңды түрде тіркелмеген. Ал, Көкшетау қаласында бірде бір заңдастырылған тұрмыстық қалдық полигоны жоқ. Яғни, барлығы заңсыз пайда болған қоқыс орындары. Заңсыз полигондардың бірі жойылса, іле-шала екіншісі пайда болып жатады.Сондықтан, заңға қайшы әрекет етіп жүрген азаматтарды жауапқа тарту қажет. Облыс басшылығы сала мамандарына осындай тапсырма жүктеп отыр.

Аудандар мен қалалардың ішкі, сыртқы тазалығына жергілікті атқарушы орган жауапты. Облыстық экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, биыл жергілікті әкімдіктер тарапынан бұл жұмыстар тым әлсіз жүргізілуде. Мәселен, Целиноград ауданында 211 стихиялық қоқыс үйіндісінің 64і жойылған. Ал, Көкшетауда 96 қоқыс үйіндісінің 48-і ғана жойылыпты. Басқа аудандарда да жағдай осындай.

ҚАДЫРХАН БЕЙСЕНБАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Осыған орай тиісті деңгейде жұмыстар жүргізбегені үшін 2023 жылы екі лауазымды тұлға, оның ішінде Аршалы ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы және Целиноград ауданы әкімінің орынбасары, 3 – заңды тұлға, 3– жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Ақмола облысының аумағында 130 жер учаскесіне қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын орналастыру үшін жер актісі берілген, оның ішінде 24 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында рұқсаттама құжаттары бар. Облыс аумағында полигондар санының аз болуы өз кезегінде заңсыз қоқыс үйінділерінің қалыптасуына әкеп соғуда».

Қоқыс орындары заңсыз пайда болмауы үшін полигондар салып, сұрыптау зауытын салу керек,-дейді сала мамандары. Биыл өңірдегі тазалықты сақтау үшін жергілікті бюджеттен 560 млн.теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге Қосшыдағы қоқыс орындарын жою үшін облыстық бюджеттен 17 млн теңге бағытталған. Алайда, баяғы жартас сол жартас. Тұрғындар тарапынан шағымдар толастар емес. 

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жыл өткен сайын Аршалы және Целиноград аудандары әкімдіктерінің қоқыстарды жоюға қатысты жүргізіп жатқан жұмыстары әлсіреп барады. Осы аудандардың және Қосшы қаласының тұрғындары стихиялық қалдықтардың жылдамп әрі көп мөлшерде жиналуына жиі шағымданатын болды. Соңғы кездері Бұланды, Ерейментау аудандарынан да шағымдар түсіп жатыр».

2020 жылы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы облыс әкімдігінің қолдауымен 8 ауданда тұрмыстық қалдық полигондарын салу жобасын қолға алған. Бірақ, кей аудандарда әлі жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатса, кей аудандар қоқыс төгуге лайық жерді іздеу үстінде.