Қазіргі күні Қызылорда өңіріне қарасты аудан орталықтары толықтай көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ендігі кезекте ауылдарды газға қосу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бірінші кезекте көмір түсіріп, күл шығаратын ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге бірден бір себепші фактор.
Облыс әкімінің аудандарға іссапары барысында Шиелідегі Еңбекші және Жиделіарық ауылдары газға қосылды. Бұл бастама жарқын мереке – жаңа жыл қарсаңындағы тамаша тарту болды тұрғындар үшін.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Облысты газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Қазір барлық аудан орталығы мен 4 қала Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы, 19 елді мекенге газ жеткізілген. Биыл 12 ауылдық елді мекенге тартылуда. Осылайша өңірде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Биыл аудандағы 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газ игілігіне кенелді. Аудандағы 6 елді мекен - Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестамға газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Бүгін Еңбекші ауылының тұрғындары "көгілдір отын" жаға бастайды. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеміз. 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді».
Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үйді көріп, ізгі тілегін білдірді. Мұнан бөлек, Жаңақорған ауданындағы Жайылма, Шалқия, Құттықожа ауылдары да газға қосылып, тұрғындар қуанышы еселенді. Сәуір айында Бірлік, Қыраш елді мекендеріне «көгілдір отын» кіргізілсе, келер жылға Кейден, Төменарық елді мекендері жоспарланған.