Құрылысы жыр болған «Құрты-Бұрылбайтал» автожолы ақыры жөнделді. Сағызша созылған жолдың сапасын Президент те сынаған еді. Еліміздің үш облысын байланыстыратын бұл автомагистральдың зардабы әсіресе, жүргізушілер мен жолаушыларға жақсы таныс. «Алматы-Қарағанды» автожолының ұзындығы 81 шақырымды құрайтын осы учаскесінде соңғы жылдары жол апаты да көп болды. Сапасыз жолдың кесірінен жүргізушілер көліктеріміз жиі сынады деп шағымданды.
Ол проблемалар енді толығымен шешілген сыңайлы. Жаңа магистраль 4 жолақты 1-ші санаттағы тақтайдай жол. Бұрынғыдай емес, жүру уақыты да айтарлықтай қысқарды. Бұл өз кезегінде Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдер арасындағы транзиттік тасымалдың өсуіне әсер етіп, Балқаш көліне баратын туристер санының артуына септігін тигізбек.