Пиротехникалық бұйымдар Жаңа жыл мерекесінің ажырамас бөлігі. Алматылық құтқарушылар өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде пиротехникалық заттарды қолдану кезінде қауіпсіздікті сақтау және өрт жағдайларын алдын алу бойынша кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар, алматылықтарға мерекелік күндер қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану бойынша қауіпсіздік шараларын еске салды.
ДАРЫН БОЛАТХАНҰЛЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТЖД БАС МАМАНЫ «Жыл сайын Алматы қаласында жаңа-жылдық мерекелер кезінде орта есеппен 13-тен аса өрт тіркелген. Оның 20 пайыздан астамы пиротехникалық өрттердің себебінен болған. Жүргізілген талдауларға сәйкес соңғы 5 жылда 67 өрт тіркеліп, оның 9-ы пиротехниканың әсерінен болған. Соңғы жылдары пиротехниканың әсерінен болған жағдайлар саны азаюда».
Дәрігерлер пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде жарақат алған жағдайда алғашқы медициналық көмек туралы айтты.
ОСМАН ҚАДЫРОВ ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГЫ «Кез-келген пиротехникалық бұйымнан өрт шығу немесе жарақат алу мүмкіндігі бар. Осындай жарақат түріне шалдыққан науқастарға көмек көрсету тәжірибесіне сүйене отырып, азаматтарымызға ескертіп, егер де тері зақымдануы орын алған жағдайда онда асептикалық таңғышты қолдану қажет. Жазатайым оқиға көшеде орын алса, қолда бар материалдарды пайдаланып таңғыш қою керек. Қан кетумен жүретін ашық жаралар болса, таңғыш таңып, жедел жәрдем шақыру керек»